«Құт» фильміне рецензия
Айхан Чатаеваның «Құт» фильмі фэнтези жанрында түсірілген және қазақ мифологиясын жас кейіпкердің көзқарасы арқылы таныстыруға тырысады. Фильмнің ортасында он екі жасар Қайсар есімді бала тұр. Ол оқиға барысында түркі халықтарының көне наным-сенімдерімен бетпе-бет келіп, олардың қазіргі өмірмен байланысын түсіне бастайды. Картина отбасылық көрерменге арналған. Оның негізгі мақсаты — отбасы құндылығын, туған жерге деген сүйіспеншілікті, дәстүр мен рухани жадтың маңызын көрсету. Дегенмен фильмнің тақырыптық негізі жақсы болғанымен, көркемдік тұрғыдан оны толық ашуға кедергі келтіретін мәселелер бар.
Ең алдымен көзге түсетін нәрсе бұл басты кейіпкерлердің актерлік ойыны. Жас актерлер үшін бұл алғашқы тәжірибелердің бірі екенін ескерсек, оларды нашар ойнады деп айту қиын. Балалардың тырысқаны, кейіпкерлерінің эмоциясын жеткізгісі келгені байқалады. Бірақ олардың ойыны барлық жерде табиғи көріне бермейді. Кейбір көріністерде актерлер кейіпкердің ішкі күйін сезініп ойнағаннан гөрі, дайын мәтінді айтып тұрғандай әсер қалдырады. Осы себепті кейіпкерлер кей сәттерде тірі адам ретінде емес, сценарийдегі қызметтік бейне ретінде қабылданады.
Ал ересек актерлердің ойыны әлдеқайда сенімді көрінеді. Фильмде мифтік әлемге тән таныс архетиптер бар: дана қария, ана бейнесі, тылсым кейіпкерлер және дәстүрлі құндылықтарға қарсы тұратын зұлым күш. Дариха Кушекбаева, Әлия Бөпежанова және Болат Момынжанов фильмнің жалпы атмосферасына жақсы үйлеседі. Олар экрандағы ертегілік және мифологиялық кеңістікті нанымдырақ етіп көрсетуге көмектеседі. Фильмнің интонациясын ұстап тұрған да көбіне осы ересек кейіпкерлер.
Режиссура мен қойылым жағына келсек, фильмнің көрінісі жалпы жағымды. Киноны аса терең талдап қарамайтын көрермен үшін картина жаман әсер қалдырмауы мүмкін. Бірақ фильмде ерекше есте қалатын визуалды шешімдер аз. Камера көбіне статикалық күйде қалады, ал көріністер кейіпкерлердің бірінен кейін бірі реплика айтуына құрылған. Яғни экранда әрекеттен гөрі түсіндіру басым.
Бұл әсіресе маңызды эпизодтарда анық байқалады. Кейбір тартысты немесе шайқасқа жақын көріністер толық көрсетілмейді, көрермен тек дыбыс арқылы немесе кейіпкерлердің сөзі арқылы бір оқиғаның болғанын түсінеді. Мүмкін, бұл бюджет шектеуіне байланысты шығар. Бірақ фэнтези жанрында визуалды әсердің орны ерекше. Маңызды сәттер көрсетілмей, тек сөзбен түсіндірілген кезде киноның негізгі қағидасы бұзылады: кино айту емес, көрсету арқылы әсер етуі керек.
Фильмнің басты әлсіз тұсы сценарий мен драматургия. Сюжеттің қарапайым болуы отбасылық фильм үшін түсінікті нәрсе. Оның үстіне «Құт» идеологиялық және танымдық бағыттағы картина ретінде қарастырылса, авторлық ой айқын: көне мифтер мен наным-сенімдердің бүгінгі өмірмен байланысын көрсету. Осы тұрғыдан алғанда, фильм маңызды тақырып көтереді. Қазақ және түркі мифологиясына қызығатын көрермен үшін бұл картина белгілі бір деңгейде тартымды болуы мүмкін.
Бірақ идеяның өзі қызық болғанымен, оның экрандағы жүзеге асуы әлсіздеу. Негізгі конфликт тым қарапайым құрылған: жас кейіпкер жақсылықты, дәстүрді, рухани құндылықтарды қорғаса, оған қарсы тұрған кейіпкерлер өз пайдасын ғана ойлайды. Мұндай қарама-қарсылық түсінікті болғанымен, кейіпкерлерге тереңдік бере алмайды. Олар толыққанды мінезі бар тірі адамдардан гөрі, белгілі бір идеяны жеткізетін бейнелерге көбірек ұқсайды.
Фильмде бірнеше маңызды тақырып қозғалады: ұрпақтар сабақтастығы, ата-баба рухына құрмет, дәстүрді сақтау, туған жерге адалдық, рухани мұра. Алайда бұл тақырыптардың көбі тек айтылып өтеді де, драматургиялық жағынан толық дамымайды. Режиссер қазіргі қоғам үшін маңызды ой айтқысы келетіні түсінікті, бірақ сол ойды көркем оқиға арқылы жеткізу жағы жеткіліксіз. Сондықтан фильмдегі кейбір идеялар дұрыс естілгенімен, көрерменге күшті эмоциялық әсер бере алмайды.
Үшінші акт те әлсіздеу көрінеді. Классикалық драматургияда финалдық бөлімде конфликт күшейіп, кейіпкер шешуші таңдауға келуі керек. Сол арқылы оқиға эмоциялық аяқталуға жетеді. Ал «Құт» фильмінде бұл драматургиялық өрлеу толық сезілмейді. Финал жеткілікті деңгейде әсерлі шықпайды, себебі негізгі конфликт толық ашылмайды, ал кейіпкердің ішкі өзгерісі анық көрсетілмейді. Сондықтан көрерменде фильм аяқталғаннан кейін белгілі бір аяқталмағандық әсері қалуы мүмкін.
Фильмнің атауына да бөлек назар аударған жөн. Қазақ мәдениетінде «құт» сөзі өте терең мағынаға ие. Ол тек бақыт, береке, молшылық ұғымдарын ғана білдірмейді, сонымен қатар үйге, отбасына, ұрпаққа келетін ерекше рухани қуат пен жақсылықтың белгісі ретінде қабылданады. Фильм аясында бұл ұғым көбіне балалар бейнесі арқылы ашылады. Картина көрерменді шынайы бақыт пен өмірдің жалғасы бала деген ойға алып келеді. Себебі балалар ғана ата-баба жадын, дәстүрді және болашақты жалғастырады.
Осы тұрғыдан алғанда, фильмнің соңғы кадры ерекше мәнге ие. Балалардың камераға қарай жүріп келе жатқан көрінісі жай ғана әдемі финал емес, фильмнің негізгі ойын жинақтайтын символдық шешім ретінде қабылданады.


