Ерліктің бағасы
“Капитан Байтасов”
фильміне рецензия

animation-image

Автор: Ғайша Аманжол

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті

«Капитан Байтасов» фильмі жуырда қалың көрерменге жол тартқан туынды.

Картина өзегінде – терроризмге қарсы күрес кезінде отан алдындағы антына адал, борышын өмірінен биік қойған полиция офицері Ғазиз Байтасовтың жанқиярлық ерлігі. Сюжеттік желі 2011 жылы Тараз қаласында орын алған шынайы оқиғаға негізделген: қызмет бабындағы капитан Ғазиз Байтасов лаңкестік шабуыл сәтінде гранатаның жарылысын өз денесімен бөгеп, бейбіт тұрғындарды ажалдан арашалап қалады. Бұл сәт – адам рухының беріктігі мен кәсіби этиканың биік үлгісін айшықтайтын көрініс. Фильмде режиссер тарихи фактіні көркем шындықпен қосып, батырлық феноменін тек әрекет арқылы емес, ішкі моральдық тұтастық пен рухани ерік қуаты арқылы да танытады.

Дәурен Қамшыбаевтың «Капитан Байтасов» туындысы – оқиға динамикасына бай, эмоциялық қарқыны жоғары фильм. Алғашқы эпилогтан-ақ көрермен Тараз қаласында орын алған лаңкестік әрекеттің хроникасына еніп, оқиға салмағын сезінеді. Бір миссияның сәтсіз аяқталуы, ауыр халге түскен баланың өмірі үшін күрес сәті фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ драмалық нақышты айқындайды. Азамат Сатыбалды сомдаған басты кейіпкер – Ғазиз  Байтасов полиция қызметкері, қоғам алдындағы адалдық пен адамдық борыштың символы ретінде көрініс табады. Ол – экрандағы «портреттік қаһарман» ғана емес, нағыз кәсіби этика мен рухани тазалықтың бейнесі.

Фильм басталған сәттен-ақ көрерменнің алдына моральдық дилемма қойылады: бір жағында – билік пен тәртіп өкілдерінің бейәдеп әрекеттері, екінші жағында – адалдыққа берік капитан Байтасов тұлғасы. Бұл қарама-қайшылық фильмнің әлеуметтік және этикалық кеңістіктегі қарама-қарсы ұстанымдарды бейтарап түрде көрсететін құрылымдық өзегіне айналады.

Кейіпкерлер арасындағы ең өткір контраст – Сырым есімді лаңкес бейнесі арқылы өрбиді. Еркебұлан Дайыров сомдаған Сырым – тұйық, ішкі агрессиясы мен травмалық тәжірибесі бар тұлға. Оның мінез-құрылымында, әрекеттерінде психоаналитикалық проекция тұрғысынан қарағанда деструктивті мотивация айқын сезіледі. Кейіпкердің әрекеттері мен сенім жүйесі өткен шақтағы психологиялық жарақаттардан тамыр тартады: ол бала кезінде анасының өгей әкесінің (полиция қызметкерінің) қолынан қаза тапқанына және жауапқа тартылмағанына куә болған. Сол сәттен бастап оның бойында құқық қорғау жүйесіне деген өшпенділік пен әділетке деген бұрмаланған түсінік қалыптасады. Мешіттегі көріністе автор Сырымды лаңкестер тобының мүшелерінен іштей бөлектейді: ол ашық түрде Құдайға деген сенімін жоққа шығарып, моральдық нигилизмнің өкіліне айналады. «Мен Құдайдан талай рет жалбарындым, анамды әкем ұрмасын деп. Бірақ ол менің қолымда жан тапсырды»  деген оның сөзі – ішкі жан арпалысының, сенім дағдарысының символдық көрінісі. Фильмнің драматургиясы тек сыртқы әрекетке емес, кейіпкерлердің психологиялық құрылымына, олардың санасындағы қақтығысқа негізделген. Фильмде екі кейіпкер арасындағы параллель жиі көрініс табады. Себебі олар – бір-біріне қарсы тұрған, бірақ тағдыр тоғыстырған екі шеткі полюс. Авторлар оқиға желісін сол түйісу нүктесіне біртіндеп бағыттап отырады. Бұл – олардың күнделікті өмірін, отбасы ортасындағы күйзелістерін, моральдық дилеммаларын қатар бейнелеу арқылы жүзеге асады. Режиссердің көркемдік шешімдерінде де осы идеяны астарлап жеткізетін символдық элементтер молынан қолданылған: мысалы, уақыттың кері санамасындай сағаттың тықылы – олардың өмір жолының аяқталуын меңзейтін метафора іспетті, ал жарылуға дайын граната – сол уақыттың үзілісін бейнелейді.

Көркем мәтін құрылымында су мен от оппозициясы ерекше семантикалық мәнге ие. Бұл мотив экранда қайталанып отырады және әр кейіпкердің ішкі табиғатын ашуға қызмет етеді. Мешіттегі көріністе Сырым кадрдың сол жағында отырып, молдамен диалог жүргізеді. Оның сөзі символикалық сипатқа ие:  «Менің қолымда өшпейтін жалын мен су бар. Егер оңымда су болса, сол жағымда – от. Сол сумен тозақтың ыстығын басып, сендердің жұмақтарыңды күлге айналдырамын», – дейді Сырым. Бұл көріністе кадрлық шешім де маңызды: кейіпкердің сол жақта орналасуы – от пен күйзеліс энергиясын бейнелейтін визуалды белгі. Сырым бейнесі осылайша «жоюшы оттың» архетипіне айналады. Таирмен (лаңкестік топтың басшысы) қоштасу сәтіндегі эпизодта ол тіпті «өлім періштесі» іспетті көрінеді – зұлымдықтың өз-өзін ішінен жойған сәт. Оған қарама-қарсы полюсте Ғазиз бейнесі тұр. Оның қатысындағы көріністерде жиі жаңбыр, су, не дымқыл жарық бейнеленеді. Бұл – тазалық пен мейірімнің, рухани тазарудың белгісі. Ислам дүниетанымында су – өмір мен рақымның символы («Біз барлық тіршілікті судан жараттық» – Құран, Әл-Анбия). Осы семиотикалық қатар арқылы режиссер екі әлемнің – күйретуші от пен тазарушы су стихиясының – мәңгілік текетіресін бейнелейді.

Фильмнің визуалдық кеңістігінде жиі кездесетін бейнелердің бірі – жапон мәдениетіне тән Манэки-нэко, яғни «шақырушы мысық» мүсіншесі. Алғаш қарағанда, ол жай ғана тұрмыстық интерьердің бір бөлшегі іспетті көрінгенімен, семиотикалық тұрғыдан алғанда, бұл деталь маңызды символдық қызмет атқарады. Манэки-нэко дәстүрлі түрде сәттілік пен берекенің белгісі саналса да, фильм контекстінде ол ирониялық мағынада да қолданылады. Террор мен өлімнің көлеңкесінде тұрған кейіпкерлер өмір мен бақытты шақыруға тырысып, шын мәнінде, өз тағдырларын қасіретке жетелейді. Бұл контраст көрерменге иллюзорлық үміт пен нақты болмыстың арасындағы алшақтықты сезіндіреді. Кей тұстарда бұл мүсін кадрдың терең кеңістігінде тұрып, кейіпкерлердің әрекеттерін үнсіз бақылайды – дәл осы бейне символикалық «куәгер» ретінде қабылданады. Психоаналитика интерпретация тұрғысынан мұндай шешім сублимацияланған бақылау объектісін еске түсіреді.

Айтып өтетін тағы бір маңызды жайт, қоюшы-оператор Асылхан Мелдебековтың еңбегі фильмнің визуалды құрылымында шешуші рөл атқарып, оның драмалық өзегін тереңдетіп тұр. Камераның қозғалысы мен кеңістікті сезіндіру тәсілдері оқиғаны тек бейнелеп қана қоймай, кейіпкерлердің ішкі психологиялық жай-күйін ашуға бағытталған. Асылхан Мелдебеков камераны кейіпкерлердің эмоциялық динамикасымен бірге «тыныстатуды» жақсы қолданған: оның кадрларындағы қозғалыс көрерменді оқиға ырғағына еріксіз енгізеді. Ерекше операторлық шешімдердің бірі – кейіпкерді айнала түсірілген шеңберлі (панорамалық) кадр. Бұл тәсіл эмоционалды шиеленісті күшейтіп, кейіпкердің ішкі тұрақсыздығы мен психологиялық қысымын дәл сезіндіреді. Камераның аяқтан жүзге дейін біртіндеп көтерілуі – психофизикалық портреттеу тәсілі арқылы адамның сыртқы қозғалысынан ішкі күйге өтудің нәзік метафорасына айналады. Фильмнің ритмі де осы операторлық пластикамен тікелей байланысты. Slow motion мен жылдам монтаждың кезектесіп қолданылуы кадрларға ырғақ пен тыныс береді: баяу түсірілімдер ішкі үзіліс пен ой тереңдігін сездірсе, ал қарқынды пландар шиеленіс пен әрекет серпінін арттырады. Осылайша визуалды динамика тек баяндау тәсілі ғана емес, фильмнің психологиялық құрылымын айқындайтын бейнелеу құралына айналады.

Айрықша назар аудартатын тағы бір аспект – түстік шешім. Картинаның палитрасы жоғары контрастқа және қанық реңктерге негізделген, бұл шешім экран кеңістігіне ерекше атмосфера береді. Мұндай визуалды шешім «dark superhero aesthetics» деп аталатын бейнелеу үлгісін еске салады, мұнда жарық пен көлеңкенің күрт қарама-қайшылығы моральдық антиномияны білдіреді. Осы контраст арқылы Тараз қаласы экранда қараңғылыққа батып, бірақ ішінде әділеттің әлсіз сәулесі жанып тұрған қазақстандық Готэм іспетті әсер қалдырады.  Готэм қаласындағы қиял-ғажайып әлеммен ұқсастық бұл фильмде де кездейсоқ емес деп ойлаймын. Ғазиз Байтасовтың балалары әкесін жиі суперқаһармандармен салыстырады. Ал кинотеатр көрінісінде барлығымызға таныс «Капитан Америка» фильміндегі әйгілі сәттің дауысы естіледі – солдат айналасындағыларды қорғау үшін граната муляжына секіреді. Бұл көрініс фильмнің финалына алдын ала берілген ишара іспетті, әрі кімнің нағыз батыр екенін анық көрсететін айқын символдық белгі. Мелдебеков жарық пен түстің драматургиялық мүмкіндігін шебер пайдалана отырып, фильмнің көркемдік тұтастығын сақтайды және әр кадрды символдық мәнге ие көрініске айналдырады. Осылайша операторлық жұмыс көрерменге тек оқиғаны бақылауға емес, оның эмоционалдық құрылымын терең сезінуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, фильмнің алғашқы әсерінен кейін бірқатар көркемдік олқылықтар да көзге ұрады. Операторлық шешімдер айрықша әсер қалдырғанымен, ірі және орта пландардың басым қолданылуы кадр кеңістігін тарылтып, қала бейнесін екінші қатарға ысырып жібереді. Тараз – оқиға өрбитін жай фон емес, шығарманың рухани өзегін толықтыратын тірі кеңістік. Алайда экранда бұл қала метафоралық фонда ғана көрініс тауып, өз шынайылығын жоғалтқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, мұндай фильмдерде қаланың визуалды бейнесі кейіпкерлер тағдыры мен әлеуметтік кеңістіктің арақатынасын тереңдете түсетін маңызды көркемдік шешім болуы тиіс еді. Сонымен қатар, туындыға артық драматизм тән. Бұл эмоциялық екпін фильмге салмақ пен маңыз бергенімен, кей тұстарда оның табиғи тынысын тарылтады. «Капитан Байтасовтағы» жеңіл ирония мен сатира элементтері ауыр атмосфераның көлеңкесінде қалып қояды. Нәтижесінде көрерменге шамадан тыс сезімдік қысым түсіп, кей маңызды сәттердің әсері солғындап кетеді. Мәселен, капитанның өз өмірін құрбан ету көрінісі немесе Сырымның аяғы ауыр жұбайын өлтіретін сәті – оқиғаның ең биік нүктелері бола тұра, эмоционалдық әсері алдын ала шектен тыс жүктелген сезімдердің кесірінен әлсірей түседі. Мұндай көріністердің әсерін азайтатын бір фактор – музыкалық сүйемелдеу. Саундтрек атмосфераны ұстауда үлкен рөл атқарғанымен, фильмнің алғашқы жартысында үзіліссіз естіліп, көрерменнің эмоциялық қабылдауын шаршатады. Бұл құбылысты музыкалық артық екпін деуге болады, яғни әуен көріністің ішкі қуатын басып, сезімді табиғи емес жолмен күшейтеді. Сондай-ақ, дыбыстық қатардың үздіксіздігі мен музыканың үзілмеуі көрерменнің тынысын тарылтып, эмоциялық демалыс сәтін бермейді. Бұл тұрғыдан алғанда, фильм сәл үзіліс пен тыныштықты қажет етеді – өйткені кейде үнсіздік сөзден де әсерлі.

Қорытындылай келгенде, «Капитан Байтасов» – тек бір ерліктің экранындағы баяны емес, адамдық борыш, ар мен әділет ұғымдарының көркемдік тұрғыдан талдануы. Фильм отан алдындағы адалдық пен рухани биіктіктің мәнін жаңа қырынан көрсетіп, көрерменді моральдық ойлануға жетелейді. Кей тұстарындағы артық драматизм мен ырғақтық теңсіздікке қарамастан, туынды ұлттық кинематографияда шынайылық пен әсерліліктің үйлесімін іздеген маңызды қадам болып табылады. Режиссер мен шығармашылық топтың еңбегі – қазіргі қазақ кино кеңістігінде қаһармандық тақырыпты көтеруге жасалған батыл талпыныс.